Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент полициясы өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге басым міндеттерді айқындады

Шымкент полициясы өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге басым міндеттерді айқындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел кеңеске қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, қала әкімінің және прокурорының бірінші орынбасарлары, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент бастығы мен жеке құрам қатысты.

Полиция департаментінің бастығы Думан Таев 2023 жылы қалада криминогендік ахуал тұрақты болғанын, жалпы қылмыс саны 36,4 пайызға азайғанын жеткізді. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар саны 31 пайызға, масаң күйде жасалған заң бұзушылықтар саны 40 пайызға төмендегенін айтты. Бұған қоса, өткен жылы есірткінің заңсыз айналымынан 139 келі есірткі тәркіленіп, 3 фитолаборатория және 1 синтетика дайындауға арналған зертхана жойылғанын атап өтті.

Сонымен қатар 22 қаңтарда елордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өткенін және құқық қорғау қызметкерлері нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктелгенін жеткізді.

– Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жүйесін жаңғыртуды, есірткінің таралуына тосқауыл қоюды және интернет-алаяқтықпен күрес жұмыстарын жандардыруды тапсырды. «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полицияның айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Бізге жүктелген міндеттерді орындау үшін баршаңызды бірігіп жұмыс істеуге шақырамын, – деді Думан Әшкенұлы.

Сөз соңында, Қасым-Жомарт Кемелұлы полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын жүзеге асыруды, қоғамның талап тілегіне құлақ асуды, шұғыл әрі нәтижелі жұмыс істеуді, қоғаммен бірге полиция да толық өзгеруі қажет деп тапсырғандығын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру