Алматы облысында жабайы шошқаны заңсыз аулаған браконьер ұсталды
Алматы облысында жабайы шошқаны заңсыз аулаған браконьер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 5 мамырда Балқаш аудандық полиция бөлімінің табиғатты
қорғау инспекторлары Балкаш ауданы орман шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторларымен және “Майтан” қорықтану инспекторларымен бірлесіп “Нерест” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Балқаш ауданы Қараой ауылынан 55 шақырым жерде сойылған жабайы шошқа етімен 21 жастағы жергілікті азаматты ұстады.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 337-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді. Айғақ зат ретінде жергілікті тұрғыннан сойылған шошқа еті алынды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының аумағында биологиялық ресурс объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ бұрын жасалған экологиялық қылмыстарды ашу, сондай-ақ балық қорғау органдарына балық қорларын сақтауда көмек көрсету мақсатында “Нерест” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.