Шымкенттік азаматтан аса ірі мөлшерде есірткі мен қару тәркіленді
Шымкенттік азаматтан аса ірі мөлшерде есірткі мен қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 18 ақпанында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Нәтижесінде түнгі сағат 1:00 шамасында «Зообақ» маңында күдік тудырған шетелдік мемлекеттік тіркеу нөміріндегі Mersedes Bens G-Class автокөлігін басқарған 34 жастағы жүргізушіні тоқтатты.
Тексеру барысында автокөліктің жүргізуші орындығының астында жасырылған жапсырма қағазға оралған есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Сондай-ақ қосымша қарау кезінде автокөліктің қобдишасынан Stalker S84 пневматикалық тапанша мен 8 дана оқ-дәрілер алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат есірткінің мефедрон синтетикалық түріне жататыны расталып, жалпы салмағы 495 грамды құрады. Ол аса ірі мөлшердегі есірткі.
Бүгінде аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарымен байланысты кез-келген заңсыз әрекет қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.