Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық ер адамның 18 алаяқтық жайтына қатысы бар

Түркістан облысында үш миллион теңгеге алаяқтық жасаған күдікті ер азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау ҚПБ-на жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, ауылдас танысы өзіне тиесілі Кентау қаласына қарасты ауылда орналасқан үйінің құжатын заңдастырып беретінін айтқан. Осылайша танысының 200 мың теңге ақшасын алып, не құжатын жасап бермей, не ақшасын қайтармай жүргенін айтқан. Осы мәселенің түйінін шешу мақсатында жәбірленуші азамат полицейлердің көмегіне жүгінеді. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚҚ-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.

Кентау ҚПБ-ның полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды ұстап басқармаға жеткізді. Белгілі болғандай күдіктінің бұдан басқа 18 жайтқа қатыстылығы анықталды. Олардың әрқайсысынан 50 мың мен 500 мың теңге аралықта ақша алып, жалпы үш миллионға жуық шығын келтірген. Күдіктінің үйін тінту барысында айғақты зат ретінде жер теліміне қатысты құжаттар табылған. Іс-құжаттарға сараптама тағайындалып, олардың жалған екені анықталды. Осыған орай ҚР ҚК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша жинақталған іс-құжаттары заңды шешім қабылдау үшін Кентау қалалық сотына жолданды. Қазіргі таңда күдікті азаматтың бас шарасы қолхатта.

Түркістан облысының полицейлері азаматтардан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды. Қандай жағдайда болмасын, анық-қанығын білмей, белгісіз азаматтарға сенбеу керектігін қатаң ескертеді. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру