Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында сотталған әйелдер балаларға матадан тігілген доптарды сыйлады

Атырау облысында сотталған әйелдер балаларға матадан тігілген доптарды сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жуырда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 79 мекемесінде жазасын өтеп жүрген Наталья Даулетьярова мен Гульмира Адилова мекеме басшылығына ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға сыйлық жібергілері келетінін айтып, ұсыныс тастайды. Сөйтіп, өз қолдарынан жасап шыққан түрлі түсті доптарды облыстық сәбилер үйіндегі бүлдіршіндерге мекеменің тәрбие бөлімі қызметкерлері арқылы табыстап, бөбектерге қуаныш сыйлады.

Бүгінде колонияда 170 әйел шалыс басқаны үшін, шарасыздықтан шатасқаны үшін айыбын өтеп отыр. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 79 мекемесі бастығының орынбасары Марта Өтепованың айтуынша, сотталған әйелдерге жұмыс тауып беремін деген кәсіпкерлерге айтарлықтай кедергі жоқ. Тігін машиналары мен құрал-жабдықтарын қойып, сотталғандарға жалақы төлеп отыруы тиіс. Арзан жұмыс күшін пайдаланып отырған кәсіпкерлердің көбі тендер арқылы тапсырыс алады.

Түзеу мекемелеріндегі азаматтарды жұмысқа алуға ынталы кәсіпкерлер қатары жыл санап артып келеді. Қазір мұнда 103 жұмыс күшімен қамтылған жеті кәсіпкер қызмет атқарады. Олар “Бизнестің жол картасы – 2020″мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау шараларын алған. Сондай-ақ өндіріс аймағы мен қызметкерлер арзан бағамен жалға беріледі.

– Жалпы, сотты болғандарды жұмыспен қамтудың тиімді тұсы – бос уақыттарын пайдалы іске арнайды әрі сол жерде кәсіпкерлік біліктіліктерін арттырады. Қапастағы тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, бостандыққа шыққан соң да жаңа өмірге тез бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар сот үкім еткен материалдық шығынды өтеуге мүмкіндік алады. Абақтыда жасап жүрген жұмысын бостандықта да жалғастыруға болады, бұл бұрынғы сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау қаупін азайтады және жұмыссыздық деңгейін төмендетеді, – дейді Марта Орынбасарқызы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру