440 жүргізушіге айыппұл салынды
Ақтөбеде «Мас жүргізуші-қылмыскер!» іс- шарасы жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Мас жүргізуші-қылмыскер!» жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты – жүргізушілер арасында жол-көлік тәртібінің алдын алу.
Жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде облыстың автожолдарында 1 718-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолы кесілді, оның ішінде бұрын көлік басқару құқығынан айырыла отыра, көлікті масаң күйде басқарған үш жүргізуші анықталды, оларға қатысты ҚР ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарған 28 жүргізуші, көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған 16 жүргізуші анықталды.
Полицейлер жылдамдық қозғалысының жиі бұзылуының қатарында – 305 факті, қарсы қозғалыс жолағына шығу – 18 факті бар екенін атап өтті. Ақтөбеде көлік ағындарын бақылаудың автоматты жүйесі жаңғыртылды, соның арқасында автокөлік иелері жасаған бұзушылықтарды автоматты түрде анықтау мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейтілуде.
«Мираж-Интегра-Ураган» модернизацияланған жүйесінің көмегімен көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілердің басқаруындағы 55 көлік мамандандырылған тұраққа қамауға алынды, 440 жүргізушіге айыппұл салынды, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар бір автокөлік анықталды.
Құрметті жүргізушілер, жол жүру ережелерін сақтаңыз, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз.