Автожолдарда транзиттік жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті
Ақтөбе облысында 10 айдың қорытындысы бойынша 15 жол-көлік оқиғасы орын алып, 26 адам зардап шекті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті ағымдағы жылы халықаралық және республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» және «Ақтөбе – Орынбор» автожолдарында транзиттік жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасының жиілеп кеткенін атап өтті.
Осыған байланысты, ЖПҚБ бастығының орынбасары Айдос Құлжановтың басқаруымен патрульдік полиция қызметкерлері Жайсан шекара бекетіндегі жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жолға шыққан кезде метеорологиялық жағдайларды ескеруді, жылдамдықты асырмауды, ЖҚЕ қатаң сақтауды талап етіп, авариялық – қауіпті орындар көрсетілген жадынамаларды таратуда.
Сондай-ақ, вирустық инфекцияның таралуы кезінде санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында полиция қызметкерлері жүргізушілерден жол бойында елді мекендерге бармауды, жол бойындағы кемпингтерде демалуға тоқтауды талап етеді.