Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

7 музыкалық аспапта ойнайтын тергеуші

Жеті музыкалық аспапта еркін ойнайтын, спортты жанына серік еткен төлебилік тергеушімен Polisia.kz редакциясы таныстырмақ.

Түркістан облысында кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, қылмысты болдырмау мен алдын алу мақсатында аянбай қызмет етіп жүрген жанның бірі  – Серік Әбдиев.

Серік Гаппарұлы бүгінде Түркістан облысы Төлеби ауданындық полиция бөлімінде аға тергеуші болып қызмет атқарады. Жедел-іздестіру және басқа да тиісті орындармен тығыз байланыс орнату арқылы істің ақ-қарасын ажыратады. Басты ұстанымы – ар алдындағы адалдық.

Ол 1979 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжіне түседі. Өз өмірін қиындығы мен қызығы мол, аса қауіпті мамандықпен байланыстыруды жастайынан мақсат тұтқан ол еңбек жолын Қарағанды қаласының жанындағы Қ.Сәтбаев қаласында жедел уәкіл болып бастайды. Ал, 2001 жылы тергеу саласына ауысқан. Абыройлы қызметімен танылған тергеуші 2004 жылы туған жеріне оралып, анықтаушы, тергеуші болып еңбек етеді. Қазір Төлеби аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі, подполковник. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Серік Гаппарұлы әрдайым білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырады. Соның нәтижесінде оның жеткізген мемлекеттік наградалары да көп. Атап айтар болсақ, ішкі істер органының қызметі үшін арнайы алғыс хаттар алған. Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік медальдармен марапатталған. Сондай-ақ, “Ерен еңбегі үшін” медальінің иегері. Аға тергеушінің тағы ерекше қасиеті бос уақытында домбыра шертіп, ән айтады. Домбыра, фортепиано, гитара секілді жеті түрлі музыкалық аспапта еркін ойнайды. Яғни нағыз “сегіз қырлы, бір сырлы” деген мақтауға лайық азамат. Ал, спорт өмірімен егіз ұғым. Жаттығуларын жасап, әрдайым салауатты өмір алтын ұстанады. Бокс қолғабын киіп, шаршы алаңда денесін шынықтырады.

Жалпы Әбдиевтер жанұясы Төлеби ауданындағы үлгілі отбасылардың бірі. Жұбайы екеуі екі ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру