Атырау облысында бір күнде 650-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Атырау облысында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында бір күнде 650-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 5-11 желтоқсан аралығында Атырау облысы аумағында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шараның бір күнінде облыс полицейлерімен 653 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы бұзушылықтың 32 дерегі, кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамаудың 5 дерегі тіркелді.
Сонымен қатар, 85 ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзған – 29, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкен және мас күйде жүрген 76 адам анықталған. 45 кәмелетке толмаған жасөспірім түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болған. Учаскелік инспекторлар тiркеусiз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз 72 адамды анықтады.
Патрульдік полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзудың 251 фактісін тіркеді, атап айтқанда белгiленген жүру жылдамдығын арттырудың – 92, көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзудың – 2, жаяу жүргіншілерді өткізбеген – 27 жүргізуші, көлік құралын мас күйде басқарған – 12, көлiк құралын басқару құқығынсыз жүргізген 5 жүргізуші және жол жүрісі қағидаларын бұзған 13 жаяу жүргiншiні анықтады.