Жітіқаралық полицей «Алтын адам» кітабының лауреаты атанды
Жітіқаралық полицей «Алтын адам» кітабының лауреаты атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Жітіқара қаласында «Жітіқара ауданының «Алтын адам–2021″ жұлдызды жастар» дәстүрлі іс-шарасы өтті, онда әртүрлі салада ерекшеленген жастар марапатталып, «Алтын кітап» лауреаттарының тізіміне енгізіледі.
Биыл кітап беттері бес жаңа есіммен толықтырылды, олардың ішінде Жітіқара қаласы және Жітіқара ауданы полиция бөлімінің қызметкері Ернұр Алтаев бар.
Ернұр Алтаевтың Ішкі істер органдарында қызмет еткеніне көп бола қойған жоқ. 2018 жылы ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академияда оқуын аяқтағаннан кейін, еңбек жолын Жітіқара қаласының және Жітіқара ауданының ПБ учаскелік қызметінен бастаған. Осы жылдың қазан айында ол жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды.
Ол академия қабырғасында оқып жүрген кезінен көңілді тапқырлар клубында ойнап, түрлі конкурстарға қатысып, әрқашан мәдени-көпшілік іс-шараларда белсенділік танытып жүрді. Сондай-ақ 2018 жылдан бастап ІІМ қызметкерлері арасында өтетін «Парасатты полицей» республикалық конкурсына жыл сайын қатысып келеді. Естеріңізге сала кетейік, биыл Қостанай облысы Полиция департаментінің командасы аталған байқауда екінші жүлделі орынға ие болған болатын.
Мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Ернұр Алтаев Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегеновтің алтын кітап лауреаты дипломымен марапатталды, енді оның есімі «Жітіқара ауданының «Алтын адам–2021″ жұлдызды жастар» кітабына енгізілетін болады.