Павлодарда 2ГИС қосымшасы арқылы алкоголь сатқан ер адам анықталды
Павлодарда 2ГИС қосымшасы арқылы алкоголь сатқан ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарлық полиция қызметкерлері тұрақты негізде мас күйде жасалған құқық бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар жүргізеді.
Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының сақшылары облыстың 8 124 тұрғынын алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін жауапқа тартты.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары дүкендер, сауда үйлері иелерінің спирттік ішімдіктерді сатуға қатысты заңнаманы сақтауы бойынша іс-шаралар жүргізуде. Сауданы ұйымдастыру ережелерін бұза отырып, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
– Түнгі уақытта алкоголь сату мемлекеттік деңгейде реттеледі. Алайда пайда табу үшін кейбір иелер тыйым салынған уақытта спирттік сусындарды сата отырып, заңды елемейді. Бүгінгі таңда 161 дүкен иелері алкогольге қарсы заңнаманы бұзды. Спирттік ішімдіктерді сағат 21.00-ден кейін жеткізу жолымен сату фактілері бар, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов брифингте.
Мысалы, Павлодар қаласында учаскелік полиция инспекторлары 2ГИС қосымшасы арқылы алкоголь өнімін сатқан ер адамды ұстады.
Анықталғандай, 26 жастағы павлодарлық сағат 22.20-да бір бөтелке арақты 4 750 теңгеге сатқан. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.