Түркістан облысында жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Түркістан облысында полицейлер жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас аудандық полиция бөліміне жол апаты орын алғаны жайлы шұғыл хабарлама жетеді. Онда Түлкібас ауданы, Азаттық ауылы Навои көшесінің бойында Opel Vectra автокөлігін басқарып келе жатқан жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасағанын көрсеткен. Яғни автокөлік жүргізушісі жасы 50 шамасындағы ер азаматты қағып кетіп, оқиға болған жерден бой тасалағанын анықтады. Апат салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмады.
Аталған жайт Түлкібас АПБ ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) және 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелді. Белгісіз мәйітке қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның Түлкібас ауданының тұрғыны екені белгілі болды.
Тәртіп сақшылары жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын қарау барысында белгісіз автокөліктің айна сынықтары, тағы басқа да дәлелдемелер алынып, соның нәтижесінде адам қаққан көліктің Opel Vectra екені анықталды. Нәтижесінде жергілікті тұрғын ұсталды. Қазіргі таңда күдікті азамат қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізлуде.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, оның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет.