Полицияда қызмет ету – намыс, ерлік, абырой
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Саденов полиция мен халықтың ынтымақтастығы, адамдарға уақтылы көмек көрсету және олардың тәртіп сақшыларына деген сенімі, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету елордалық полицейлер үшін басым бағыт болып табылатынын атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда полициясының қалыптасып дамуы қаламыздың тарихымен тығыз байланысты. Ел астанасын Алатау бөктерінен Сарыарқаға көшіру – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық шешімі.
Нұр-Сұлтан – саяси оқиғалардың ғана емес, білім мен ғылымның, медицина мен мәдениеттің орталығы. Ерекше қарқынмен дамыған астанамыз аймақтық және халықаралық іс-шаралар өтетін гүлденген мегаполиске айналды. Полицияның негізгі міндеті – қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тәртіп сақшылары денсаулықтарын ғана емес, азаматтарымыздың тыныштығы үшін өмірлерін де қатерге тігіп, күнделікті жұмыста ерлік пен табандылық танытып келеді.