СҚО полицейлері бұланды заңсыз атқан күдіктіні ұстады
СҚО полицейлері бұланды заңсыз атқан күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары және «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағының қызметкерлері бірлесе жүргізген рейд барысында бұланды заңсыз ату фактісін анықтады. Олар Қызылжар ауданындағы Жалтыр көлінің маңында үш қарда жүргіш техниканы және етті мүшелеп жатқан адамдарды байқаған. Олардың біреуі оқиға орнында ұсталды, ол 47 жастағы аудан тұрғыны болып шықты.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Аудан орталығының тағы екі тұрғыны келесі күні анықталды.Үш қарда жүргіш, қос ұңғылы «ИЖ» мылтық, мүшеленген жануардың еті тәркіленді. Күдіктінің үшеуі де қамауға алынды.
– Заңнама талаптарына сәйкес ерекше күзетілетін табиғи аумақта жасалған заңсыз аңшылық үшін аса ірі көлемде айыппұл салу, қамауға алу немесе алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі жаза көзделген, – деп атап өтті аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.
Бұл СҚО-да ағымдағы жылы алғаш рет анықталып отырған заңсыз аң аулау фактісі. Табиғатты қорғау полицейлері қазіргі уақытта облыс аумағында қаңтар айынан тұяқты жануарларды атуға тыйым салынғанын, тек мамық жүнді аңдарды аулауға рұқсат етілгені туралы еске салады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулауға жол берілмейді. Өңірдің табиғатын браконьерлердің әрекеттерінен қорғау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі, рейдтерге полиция бөліністерінің және мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысады.