Шымкенттік жігіттен синтетикалық есірткі мен қару тәркіленді
Түркістан облысының полицейлері шымкенттік жігіттен синтетикалық есірткі мен қару тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп, өзімен есірткі алып жүрген күдіктіні ұстады. Яғни, тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті сақтау барысында адамдар көп шоғырланған орындарға тексеру жүргізіп, жедел-іздестіру шараларын атқарды. Осы сәтте полицейлердің назарына Сайрам ауданы аумағында жүрген күдікті ер адам ілікті.
Нәтижесінде, оның шалбарының қалтасынан пакетке оралған есірткіге ұқсас зат табылды. Және оның басқаруындағы ВАЗ-2114 көлігінің жүргізуші орындығы астынан қара спорттық сөмкеге салынған тіркелмеген, қосауызды шолақ қару тәркіленді. Одан әрі жоғарыда көрсетілген тұрғынның үйін тінту кезінде жатын бөлмесінде тұрған гүл ыдысының ішінен пакетке оралған екі изолента орамасы тәркіленді. Айғақты зат ретінде алынған заттар сол мезетте тәркіленіп, тиісті сараптамаға жіберілді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, ер адамның қалтасынан табылған заттың салмағы алты грамға жуық синтетикалық есірткі екендігі белгілі болды. Қаруға қатысты сот-баллистикалық зерттеу тағайындалды.
Аталған жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру кезінде ұсталған жас жігіт Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Сайрам АПБ-мен тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тәжірибелі тергеушілер күдіктінің қару мен есірткіні қандай мақсатта сақтағанын анықтауда.