Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ешкім көмектеспеді, адамдар балкондарынан қарап тұрды: павлодарлық әйел иттің шабуылы туралы айтты

Полицеймен құтқарылған павлодарлық әйел ит шабуылының куәгерлерінің немқұрайлығына таң қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодарда 30 тамызда таңғы сағат 06:00-де полиция аға лейтенанты Бейбіт Жақыповты әйел адамның көмек сұраған жан айқайы оятты. Полицей бірден терезеге жүгіріп барып, аяғын талап жатқан төбеттен қашып, көмекке шақырған әйелді көрді.

Бейбіт тез киініп, өзімен бірге көліктің кілтін алып, көшеге шығып кетеді. Жолда ол жерде жатқан таяқты ала жүгіреді.

– Менің көлігім ауладағы тұраққа қойылған, оны тез іске қосып, оқиға болып жатқан үйге бет алдым. Жақындай келе иттің назарын аудару үшін сигнал бере бастадым, бірақ төбет тіпті назарын да аудармады. Жүгіріп барып, таяқпен итті қуа жөнелдім. Әйелге көтерілуге көмектесіп, оны итімен бірге көлікке отырғыздым. Ашуланған төбет иттің мұрнының алдына есікті әрең жауып үлгердім. Оны таяқпен қуып шығаруды жалғастыра отырып, көлікке өзім де отырып, оқиға туралы 102-ге хабарладым. Әйелге медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткіздім, өйткені иттің тістерінен алынған қол мен аяқтардағы жаралар өте терең болды, ол көп қан жоғалтты, – деді Бейбіт.

Оксана Бород сол күндегі оқиғаны қорқынышты түс ретінде еске алады, сондай-ақ әлі күнге дейін тірі екеніне сенбейді. «Өтіп бара жатқан адамдардың ешқайсысы көмектеспеді. Кейбір адамдар балконнан не болып жатқанын қарап тұрды”, – дейді ол.

– Жексенбінің таңы. Әдеттегідей мен өзімнің итімді серуендетуге шықтым. Не болғанын бірден түсінбедім. Біреу мені қағып кетті, мен жерге құладым, содан кейін ғана ит маған қарай жүгіргенін түсіндім. Ол қолыма, содан кейін аяғыма жабысып алды. Ол менің буындарымды жыртып, аяғым мен қолымды қапты. Мен де, менің итім де зардап шекті. Мен айқайлап, көмекке шақырдым. Бір жігіт менің көмек сұраған айқайыма келіп, итті ұрып, құтқара бастады. Мен түк түсінбедім, бәрі тұман сияқты болды. Өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, жігіт маған көмектесті. Егер ол болмаса, мен тірі болмас едім! Осы оқиғадан кейін мен әлі күнге дейін өз-өзіме келудемін. Тек қазір мен құтқарушымды таптым. Тек сотта ғана Бейбіт полиция қызметкері екенін білдім. Бейбіт Жақыповқа ерлігі мен батылдығы үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді, – деп Оксана Бород өзінің алғыс хатында Павлодар облысы ПД бастығы Василий Склярға жазды.

Айта кетейік, жеке аумақта тіркеусіз жүрген, көшеге шығып кеткен иттің иесі сол күні ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша жауапқа тартылған. Сондай-ақ, қыз моральдық зиянды өтеу үшін сотқа жүгінді.

Аға лейтенант Бейбіт Жақыпов ішкі істер органдарында Павлодар облысы ПД Кадр жұмысы және саясат басқармасының инспекторы лауазымында 4 жыл қызмет етеді. Ол өз әрекетін батылдықтың көрінісі деп санамайды, өйткені ол әрқашан мұқтаж адамдарға көмектесуге дайын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру