Түркістан полицейлері 86 жастағы әжейдің төлқұжатын жаңартып берді
Түркістан полицейлері 86 жастағы әжейдің төлқұжатын жаңартып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-ның полиция қызметкерлері құжаттандыру жұмыстарына көбірек көңіл бөлуде. Осыған орай арнайы мобильді топ құрылып, аудан көлемінде қарт кісілер мен денсаулығы нашар азаматтардың құжаттануын қадағалау мақсатында жиі тексеріс жүргізіп отырады.
Осындай кезекті бір жұмыс барысында көші-қон полициясына Төлеби ауданы Алғабас ауылының тұрғыны хабарласқан. Ол өзінің анасы 86 жастағы Ханым Далбаеваның төлқұжатының жарамдылық мерзімі өткендігін айтып, көмек сұраған. Хабар алысымен полицейлер халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен дереу хабарласып, қарт әжейдің құжаттарын тез арада рәсімдеп қойды.
Содан Төлебилік көші-қон полиция қызметкерлері кейуанамыздың үйіне барып, жаңа төлқұжатын табыс етті. Қазіргі таңда 86-ға келген анамыз үш ұл, жеті қыз өсіріп, одан 27 немере, сегіз шөбере сүйіп отыр.
– Менің анам 86 жаста, ол тыл ардагері. Жылдар өте анамның денсаулығы нашарлап, жүріп-тұруы қиындады. Көші-қон қызметінің қызметкерлеріне рақмет. Тәртіп сақшылары үйге келіп, анама жаңа төлқұжат табыстады. Оларға қызметте табыс тілеймін, – деп Төлеби ауданының тұрғыны тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.