Жамбылда ҚАЖ қызметкерлері Ауған соғысы ардагерінің үйіне арнайы барды
Жамбылда ҚАЖ қызметкерлері Ауған соғысы ардагерінің үйіне арнайы барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбылда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Нияз Рыспаевтың бастамасымен ЖД-158/5 мекемесінің басшы құрамы 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай Ауған соғысының ардагері Қайрат Масатбаевтың үйіне арнайы барды.
Жылы жүздесуде ҚАЖ қызметкерлері ардагерге құрмет көрсетіп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
– Ауған соғысынан аман оралған ардагерлер бүгінде еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр. Сол сұрапыл соғысты өз көздерімен көрген интернационалист-жауынгерлер түрлі салада қажырлы еңбек етуде. Батырларымыздың ерлігі мен даңқын ұмытпай, болашақ ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Өскелең ұрпаққа Ауған соғысының тарихын айта отырып, бойларына патриоттық сезімді ұялату – басты парызымыз. Тәуелсіз елімізде татулық пен бірлік болсын, – деді ЖД-158/5 мекемесінің бастығы Бақытжан Шарипбеков.
Қайрат Масатбаев 1963 жылы 22 сәуірде Жамбыл облысында дүниеге келген. Небәрі 18 жасында Ауғанстанға жіберілетін Кеңес әскерінің құрамына шақырылған. Осылайша әскери борышын өтеуде бір жыл 10 ай мерзімі қан майданда өткен. 1983 жылдың қазан айында елге оралған ардагер бейбіт елдің аспанын бұлт торламаса деген тілегін жеткізді.