Мемлекеттің мүлкін жымқырған түркістандық ұсталды
Мемлекеттің мүлкін жымқырған түркістандық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына қалалық әкімдік бөлімдерінің бірінен қатынас хат келіп түсті. Онда облыс орталығындағы О.Жарылқапов пен Ы.Алтынсарин көшелерінің бойында орналасқан электр бағанасының темір қоршаулары ұрланғаны туралы көрсетілген. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі 120 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы ретінде тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын дер кезінде ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түркістандық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Осы аумаққа бекітілген учаскелік инспекторы Мұхамед Жұмаділов те ақпарат алысымен бірден іздеуге кірісті. Көрген-білгендерден сұрастырды. Осылайша учаскелік инспектордың қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде, күдікті жайлы ақпараттар жинақталды. Яғни, сұрастыру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікке ілінген ер адам жол бойында қараусыз тұрған қоршауларды байқап, өзінің қажеттілігіне пайдаланғысы келген. Осы оймен әкімдікке тиесілі шамасы 45 метр болатын темір тор қоршауларды көлігіне салып әкеткен. Жауап алу барысында күдікті темірдің жарты бөлігін тұрмыстық қажетіне пайдаланса, жартысын танысына бергенін алға тартқан. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Тергеу амалдары жалғасуда.