Жазасын шартты түрде өтеп жүрген түркістандық ұрлық жасап ұсталды
Жазасын шартты түрде өтеп жүрген түркістандық ұрлық жасап ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, Қарасу ауылында орналасқан азық-түлік дүкеніне ұры түскенін жеткізді. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу оның дүкенінің терезесін сындырып, ішке кіріп, темекі, шоколад, сусын, басқа да тауарларын жымқырған. Келтірілген шығын 80 мың теңгені құрады. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын «ізін суытпай» ашып, күдіктіні құрықтау бағытында оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетті. Сайрамдық сақшылар барлық қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, ұрлық болған жерді мұқият қарап шықты. Соның нәтижесінде ақпарат көздері жинақталып, күдіктінің жеке басы анықталды. Ол 2018 жылы ұрлық жасағаны үшін сотты болған, бүгінде жазасын шартты түрде өтеп жүрген жас жігіт болып шықты. Яғни, өзінің соттылығына қарамастан, оң нәтиже шығармай, қайта ұрлық жасаған.
Тергеуші лауазымына тағайындалғанына енді 10 күн болатын Сайрам АПБ тергеушісі Сапар Бексұлтан аталмыш іс бойынша оқиға орнына өзі шығып, істің ақ-қарасын ажыратуда қарқынды қызмет үлгісін көрсетті. Оған қоса, тергеушінің кәсіби шеберлігі мен қырағылығы арқасында, күдікті бір тәулікке жетпей анықталып, ПБ-ға жеткізілді.
Анықталғандай, күдікті дүкенге бас пайдасы үшін ұрлыққа түскен. Тексеру кезінде оның бұл дүкен ұрлығынан бөлек, тағы алты ұрлыққа қатысты бар екені анықталды. Яғни, күдікті жас жігіт жыл басынан бері химиялық тауар сататын дүкен, кафе мен есігі ашық қалған көліктерге ұрлыққа түскен. Онда барынша жарамды заттарды, флешкарта, ақшаларды қолды етіп отырған. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгеге жуықтаған. Күдікті жас жігіттен ұрланған заттардың бір бөлігі айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.