«Жасөспірім» ЖАШ: Қарағанды облысында 89 құқық бұзушылық анықталды
Қарағанды облысы бойынша «Жасөспірім» ЖАШ бойынша 89 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында 21 ақпаннан бастап «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және білім беру ұйымдарының оқушылары арасында құқық бұзушылықтың жолын кесу. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтың алдын алу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау.
Профилактикалық шараның алғашқы күнінде 89 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Осылайша, рейд жүргізу барысында түнде үйлерінен тыс жерде жүрген 45 жасөспірім ұсталды. Ата-аналар мен басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауының 16 фактісі тіркелді. Алкоголь өнімдерін заңсыз өткізу бойынша 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Полиция қызметкерлері білім беру органдарымен бірлесе отырып, білім беру ұйымдарының студенттерімен 178 дәріс, 133 әңгіме жүргізді. Бұл іс-шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, оларды құқықтық тәрбиелеу, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелері, бейтаныс адамдармен жанжалдасу жағдайларын көрсетуге бағытталған. Бейнематериалдар қолданылып, құқықтық көмек, кеңестер берілді.
Барлығы профилактикалық мазмұндағы 500-ден астам парақшалар таратылды. Тұрғылықты жері бойынша тексерумен 95 кәмелетке толмағандар мен 131 тұрмысы нашар отбасы қамтылды.