Маңғыстауда түзету мекемесіндегі сотталғандар дін өкілімен кездесті
Маңғыстауда түзету мекемесіндегі сотталғандар дін өкілімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ-172/10 түзету мекемесіндегі бас бостандығынан айырылған азаматтар дін өкілімен кездесті. Басқосу барысында Маңғыстау облыстық «Бекет-ата» орталық мешітінің наиб имамы Асқар Ахлиддин және мекеме теологтарының қатысуымен сотталғандармен «Мұсылманның абыройын қорғау – иманды адамның міндеті» тақырыбында топтық кездесу ұйымдастырылды.
Асыл дінімізде де мұсылманның абыройы аса құрметті саналады, оған нұқсан келтіретін барлық істерге тыйым салынған. Қоғамда адамдардың абыройы сақталып, ар-намысы аяқ асты болмас үшін әрбір мұсылман әр іске көңіл қоюы қажет.
Асқар Ахлиддин адам баласының бойындағы ең асыл құндылықтардың бірі – абырой туралы айтып өтті.
– Осыны терең түсінген халқымыз «Абыройынды жасыңнан сақта» деп өсиет айтып, адамның бойында жастайынан ар-намыс, абырой, деген сипаттардың қалыптасуына ерекше мән берген. Ата-бабаларымыз ақ батасын бергенде «Алла абырой берсін!», «Абыройлы бол!» дейтіні де осыдан, – деді имам.
Кездесуге қатысушылар наиб имамға көкейде жүрген сауалдарын қойып, мазмұны мол мағлұматтар алды. Кездесу соңында қатысушыларға ризашылығын білдіріп, дін тұрғысында сауатты болу үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бекіткен дін кітаптарын ғана оқуға кеңес берді.