Атыраулық полицейлер 5 мал ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстады
Атыраулық полицейлер бес мал ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мал ұрлығының жолын кесу мен ашу бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында Атырау облысы аумағында “Мал ұрысы” жедел-алдын алу шарасы өткізілуде.
Полиция қызметкерлерінен 10 топ құрылып, олармен мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 154 автокөлік, мал және ет өнімдерін сататын 75 орын мен 229 шаруа қожалықтары тексерілді.
Нәтижесінде, малдар мен ет өнімдерін құжатсыз тасымалдаудың 16 фактісі анықталып, 12 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабының 1-бөлігі 2-тармақшасына (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) сәйкес 12 фактісі бойынша – 459 450 теңгеде әкімшілік айыппұл салынды.
Шалғайдағы учаскелерді, қыстақтарды және ұжымдық шаруа қожалықтарына тексерулер жүргізу арқылы бір тіркелмеген атыс қаруы, яғни ИЖ-К 16 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленіп, сараптамаға жолданды.
Жедел-алдын алу іс-шарасы аясында мал ұрлығымен айналысқан жеті адам анықталып, оларға қатысты барлығы бес мал ұрлығы қылмысы дәлелденді, оның ішінде екеуі өткен жылғы, үшеуі бұрын жасалған қылмыстар.
Сондай-ақ, ұрланған 19 мал тәртіп сақшыларының нәтижелі жұмысының арқасында заңды иелеріне қайтарылды. Мәселен, жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары Құрманғазы ауданынан екі мал ұрысын ұстады. Яғни, ауыл тұрғындарының бірі аудандық полиция бөліміне малының ұрланғаны туралы арызданған. Анықталғандай, күдіктілер жайылымнан екі бас жылқы малын жасырын жымқырған. Содан кейін оны сатып, түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігімен (Ұрлық) жиналған іс-құжаттар бойынша заңды шешім қабылданатын болады. Тәжірибе көрсеткендей, малдың жоғалуы көп жағдайда оларды жайылымға қараусыз жіберетін ауыл тұрғындарының ұқыпсыздығынан да болады. Демек, өз бетінше жайылған төрт түлік қорадан ұзап кетіп, ұрылардың көзіне түседі. Ал қорадан мал жымқырып жүрген барымташылар мұндай сәтті мүлт жібермейді.
Мал ұрлығын болдырмау үшін полицейлер ауыл тұрғындарына мал жайылымына тек бақташылардың бақылауымен жаюды, сондай-ақ қора-жайды қорғауға арналған шараларды қабылдауды ұсынады. Оған қоса мал иелері өз малдарына таңба мен ен салуы қажет.