Екібастұзда жалған нөмірлі көлік анықталды
Екібастұзда жалған нөмірлі көлік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласының патрульдік қызметі ротасының қызметкерлері алынған ақпарат бойынша Құрылысшы ауылынан Екібастұз қаласына жалған нөмірмен келе жатқан көлік жүргізушісін анықтады.
– Ford Explorer көлігінің жүргізуінде 48 жастағы ауыл тұрғыны болған. Көлік тоқтаған кезде келіп түскен ақпарат расталды, бұрын көлік есептен шығарылған. Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жолданды. Бұл бапта 20 АЕК айыппұл немесе бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылған. Ал әзірге көлік арнайы тұраққа қойылды, – деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Айта кету керек, осы жылдың екі айында осындай бес факті анықталып, барлық жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.