Қызылорда облысында полиция жұмысын заманауи технологиялармен жетілдіру мәселесі қарқынды жүргізілуде
Қызылорда облысында полиция жұмысын заманауи технологиялармен жетілдіру мәселесі қарқынды жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Цифрландыру үрдісі халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады.
– Заманауи технологиялық әзірлемелерді полиция қызметінде кеңінен пайдалану – Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша бұл бағытта Қызылорда облысының Полиция департаментінде тиімді де оңтайлы бағдарламалар іске асырылуда, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.
Мәселен, түрлі құқық бұзушылықтарға шұғыл әрекет ету мақсатында азаматтарға арналған жаңа сервис – 102 мобильді қосымшасының іске қосылғандығы туралы айта аламыз. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қазіргі заманғы және заманауи техникамен қамтамасыз етілген Жедел басқару орталығында үлкен мониторлар орналасқан.
Осы мониторларда тәулік бойы нақты уақыт режимінде қала бойынша шоғырланған бейнебақылау камераларынан деректер көрсетіледі. Мониторлар арқылы ЖБО қызметкерлері қаладағы орын алып жатқан барлық әрекеттерді мұқият бақылайды. Мұнда 102 мобильді қосымшасы арқылы аудио-видео қоңыраулары да келіп түседі.
Мысалы, жол-көлік оқиғалары туралы, жол жүрісі қағидаларын бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама бере алады. Қазіргі уақытта 102 мобильді қосымшасы сәтті жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасын бекіту« туралы қаулысының негізінде, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында Қызылорда облысының Полиция департаментінде қылмыстық істердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру е-ҚІ модуліне көшірілді.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу функциялары берілген барлық қызмет саласы 100 пайыз электронды форматта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге арналған арнайы компьютерлік техникамен жабдықталып, қылмыстық істер бойынша электронды форматта жүргізіледі.
– Қызылорда облысы Полиция департаментінің бөліністерімен 2021 жылы 3 404 қылмыстық іс электронды форматта тергелді, – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан
Сонымен қатар, Қызылорда облысы Полиция департаментінің сыртқы қызмет саласының қызметкерлері «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі« жүйесі арқылы әкімшілік істерді электронды форматта жүргізуге арналған арнайы планшеттермен қамтамасыз етіліп, әкімшілік істерді электронды форматта жүргізуге мүмкіндік алды.
Өткен жылы «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі« жүйесіне тіркелген 130 039 әкімшілік іс электронды форматта аяқталған.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында дуалды оқыту жүзеге асырылуда.
Дуалды оқыту – бұл кәсіби білім берудің тәжірибе мен теорияны біріктіре отырып, болашақ мамандарды даярлап шығарудың жаңа қалпы, бұл кәсіптік білім берудің бір түрі, онда білім алушыларды даярлаудың тәжірибелік бөлігі жұмыс орнында, яғни өнеркәсіп орнында, ал теориялық бөлігі – білім беру ұйымының базасында жүзеге асырылады.
Басты мақсат – мекемеде жұмыс істеудің базалық дағдылары қалыптасқан білімді, сауатты және кәсіби білікті түлекті дайындау.
Осыған сәйкес, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Қызылорда облысының Болашақ университетінде дуалды білім беру жүйесі бойынша Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері білім алушыларға тәжірибелік сабақтар өткізіп, жұмыс жүргізуде.
Яғни, Қызылорда облысының ПД Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде және Қызылорда облысының Болашақ университетінде жоғарғы оқу орны арасындағы дуалды оқытуға байланысты ынтымақтастық туралы меморандум негізінде Құқықтану кафедрасының құқықтану мамандығында білім алып жатқан студенттеріне тәжірибелік сабақтар өткізілуде.
Осы тұста қызметкерлер Қызылорда облысының Болашақ университетінің студенттеріне тәжірибелік нысанда сабақтарын жүргізуде. Олар өзінің кәсіби білімдерімен бөлісіп, болашақ құқық қорғау органдары қызметкерлері болатын жастарға қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру мен тергеудің заманауи әдістерімен таныстыруда.