Павлодар облысында үйінде жанжал шығарған ер адамнан қару тәркіленді
Павлодар облысында үйінде жанжал шығарған ер адамнан қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сағат 01.00-де Ақсу қаласының полициясына шақырту түсті. Қорыққан әйел полициядан көмек сұрады, өйткені оның 38 жастағы күйеуі Камзин көшесіндегі үйінде жанжал шығарып, әйелін балағаттап, моральдық және психологиялық қысым көрсеткен.
– Аталған мекенжайға дереу келген учаскелік полиция инспекторы отағасының үйде жанжал шығарып, тіпті қол көтеріп, жұбайының денсаулығына жеңіл зиян келтіргенін анықтады. Осы әрекеттерінің бәрін күйеуі сап-сау күйінде жасаған. Өзімен отбасылық қарым-қатынаста тұрған адамның денсаулығына қасақана, жеңіл зиян келтіргені үшін 38 жастағы ер адамға қатысты учаскелік полиция инспекторы ҚР ӘҚБтК 73-1-бабы 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғап, материал сотқа жіберілді, – деп хабарлады Павлодар облысы Ақсу қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айдын Жүнісов.
Тәртіп сақшысы сот қаулысымен тәртіп бұзушыға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылғанын хабарлады, өйткені сотта ерлі-зайыптылар татуласқан.
Айдын Жүнісов атап өткендей, учаскелік инспектор аталған азаматтың атына «ТОЗ-34» тегіс ұңғылы қару тіркелгенін біліп, аталған мылтық тәркіленді. Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес, тіркелген қаруы бар, бірақ отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекет жасаған азаматтардан қару алып қойылады.