Михаил Крокус: «Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеймін»
Түркістан облысында жас учаскелік полиция инспекторы Михаил Крокус өз жұмысы туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалар үйінде өсіп, полицей болған Михаил отау құрды, ал арыстық полицейлер қашанда оның жанына жалау болып келеді.
Өзіне бекітілген аймақтағы тұрғындар ол жайлы «туысқанымыздай жақын» деген өте жақсы пікірде. Крокус Михаил – Арыс аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы . Ұлты өзге болса да, жүрегі қазақ деп соғатын жас полицей.
Түркістан облысы ПД-нің ең білімді, білікті мамандарының бірі. Сондай-ақ, өнерлі, шығармашылыққа жақын полицей. Олай деуімізге себеп көп. Мәселен, 2021 жылы өткізілген облыстық «Парасатты полицей» байқауында Михаил бастаған арыстық команда бас жүлдені иеленді. Одан кейін республикалық «Парасатты полицей» байқауынан жүлделі ІІІ-орынды қанжығасына байлады.
Осынау Наурыз мерекесі қарсыңында Михаилдың шаңырағында қуаныш болып жатыр. Яғни, жас полицей отау құрды. Бақ құсын қолына қондырған полицейге қызметтес әріптестері, яғни Арыс АПБ-нің полицейлері әдеттегідей қолдау білдіріп, өз еріктерімен қалың малға қаржы жинақтап берді.
Жастайынан өмірдің барлық сынағынан өтіп келе жатқан Михаил өз мақсатына жету жолында шаршамай еңбек етіп келеді. 24 жастағы полицей Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы балалар ұйымының тәрбиеленушісі болған. Сонда тәрбие алып, ер жеткен. Қазақы ортада өскен Михаил қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді.
Орыс ұлтының өкілі болса да, өзі мұсылман дінін қабылдаған. Тіпті оны өзіне бекітілген аумақтағы тұрғындар жақын тартып, есімін қазақшалап Мәдиге ауыстырып алған. Бүгінде оны жанындағылар Мәди деп, қазақтың қара баласы ретінде таниды. Бала кезден полицей болуды армандаған Михаил өзі тәрбиеленген балалар үйі басшысының қолдауымен 2016 жылы М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түсіп, өткен жылы тәмамдаған.
Алты жылға жуық ішкі істер саласында жүрген Михаил талай оқиғалармен бетпе бет келген.
– Мен учаскелік полиция инспекторы болғандықтан, қашан да халықпен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Олардың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында уақытпен санаспай, қызмет етемін. Ең бастысы халыққа жақын болуға тырысып, сол бағытта әрекет етемін, – деп атап өтті Михаил.