ШҚО-да гашиш жеткізу арнасы жойылды
ШҚО-да гашиш жеткізу арнасы жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері өңірге есірткі құралдарын жеткізу арнасының жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді.
Құқық қорғау органдарының назарына облыстың екі тұрғыны түсті. Олар гашиш жеткізумен айналысқан.
9 наурызда 37 жастағы екі ер адам да қылмыс үстінде ұсталды. Тінту барысында олардың көлігінен және үйлерінен жалпы салмағы 1,7 келіден асатын гашиш тәркіленді, бұл шамамен 1 мың бір реттік дозаға тең.
– Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сараланады, онда 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.