Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер жолдан шығып кеткен жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетті

СҚО-да полицейлер көктайғақтың салдарынан жолдан шығып кеткен жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстандағы құбылмалы ауа райы тәжірибелі деген жүргізушілердің өздерін әбігерге салады.

29 наурыз шамамен сағат 09:00-де СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметкерлері аудан орталығы Саумалкөлге жақын маңдағы Көкшетау – Рузаевка тас жолында көктайғақтың салдарынан жолдан түсіп кеткен бульдозер тиелген MAN жүк көлігін байқайды. Тәртіп сақшыларының сұрауымен «Баянтай», «Петропавл жолдары», «ҚазақАвтоЖол» ЖСШ К-700 және фронталды тиегіш көліктерін жіберген. Аудандық ТЖ бөлімінің бастығы мен жергілікті әкімдік өкілі көмек көрсетті. Жұмыс 10 сағатқа созылды. Тростар үзіліп, тракторлардың дөңгелектері көктайғақтан сырғанай берді. Сүйрегіш трал аударылып қалмас үшін фронталды тиегіш бульдозерді итеріп тұрды. Бұл кезде полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сағат кешкі жеті кезінде MAN-ды жолға сүйреп шығарды. Жүргізуші тәртіп сақшыларына және көмекке келген кәсіпорын қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.

Ал наурыздың 30-на қараған түні Нұр-Сұлтан – Петропавл тас жолында Астраханка ауылынан 6 шақырым жерде қатты соққан желдің салдарынан көктайғақта Mitsubishi Canter рефрижераторының жүргізушісі көліктің тізгініне ие бола алмай, кюветке аударылып қалған. Жолдағы көліктер оқиға туралы полицияға хабарлайды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиға орнына келіп, жүргізушінің дін аман екеніне көздерін жеткізген соң, жақын маңда орналасқан «Магистраль» ЖШС басшылығына көмекке жүгінді. Кәсіпорын жіберген тиегіш көлік жолды тазалап, Mitsubishi Canter рефрижераторын жолға сүйреп шығарды.

– Жүргізушілерді көктем кезінде жолда аса сақтылық танытуға шақырамыз. Ауа райының кез келген сыйына дайын болып, жауын-шашын, көктайғақ болауы мүмкін екенін ескерген жөн. Жылдамдық режимін және көлік құралдарының ара қашықтығын сақтап, маневр жасауда сақ болған дұрыс, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру