Жетісай автовокзалында тұрғыннан мефедрон тәркіленді
Жетісай автовокзалында тұрғыннан мефедрон тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне облыс тұрғындарының бірі есірткі затын сақтап, тасымалдайды деген ақпарат келіп түсті.
Түркістандық тәртіп сақшылар хабарлама түсісімен тез арада іске кірісті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, СДТБТ-ға енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.
Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау мақсатында Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізді. Мұқият іске асырылған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікке ілінген тұрғын дер кезінде анықталды. Яғни, полицейлер күдікті ер адамды Жетісай қаласындағы автовокзалда жүрген жерінен ұстады. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде қолындағы пакетінен дәрілердің бірінің қорабына салынған үш қара изолентаға оралған, ақ түсті синтетикалық есірткі затына ұқсас ұнтақ тәркіленді.
Табылған айғақты затқа сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, хош иісті ұнтақ мефедрон синтетикалық есірткісі болып шықты. Салмағы 3 грамға жуық.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы полицейлермен анықталатын болады. Күдікті жас жігіт қамауда.