ШҚО-да ер адам колонияға телефондарды өткізбек болған
ШҚО-да ер адам колонияға телефондарды өткізбек болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ-156/15 колониясы ауданында тыйым салынған заттары бар «курьер» ұсталды. Колонияның іргелес аумағын патрульдеу барысында колония қызметкерлерін көрген кезінде қадамын тездеткен ер адам ұсталды.
Анықталғандай, ұсталған 37 жастағы ер адам сотталғандарға пайдалануға тыйым салынған заттарды, атап айтқанда IPhone және екі смартфонды қауіпсіздігі барынша жоғары мекеменің негізгі қоршауы арқылы лақтырмақ болған. Ұсталған азаматқа ораманы белгісіз адамдар бергенін мойындап, оған негізгі қоршау арқылы лақтырып бергені үшін 10 мың теңге көлемінде сыйақы беруге уәде еткен.
– Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты хаттама толтырылып, ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы 1-бөлімі (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша жаза қарастырылуда. Колония қызметкерлері осы жылдың бірінші тоқсанында тыйым салынған заттарды лақтырудың екі әрекетінің жолын кесті. Негізінен ұялы телефондар мен алкогольді лақтыруға тырысады, – деп атап өтті ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ-156/15 мекемесі бастығының орынбасары Арслан Мухаметжанов.