СҚО полицейлері жол бойына жануарлардың 27 макетін орналастырды
СҚО полицейлері жол бойына жануарлардың 27 макетін орналастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыл шаруашылық жануарларының жолдың жүру бөлігіне, әсіресе түнде кездейсоқ шығуы жол-көлік оқиғаларына себепші болуы мүмкін. СҚО-да жыл басынан осындай 3 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда онда адамдар зардап шеккен жоқ. Осындай апаттардың алдын алу – жергілікті полиция қызметі жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық әңгіме жүргізуде.
Учаскелік инспекторлар жиналыстарда халыққа малды еркін жайылымға жібермеу керектігін түсіндіруде. Қараусыз жүрген мал анықталған жағдайда, оны арнайы қаша қамау үшін шаралар қабылдануда. Олардың саны облыста – 230. Жануарлар иелері анықталғанша сонда күтіп бағылады, иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша жауапкершілік көзделуде. Қаңтардан бастап 1119 жануар қашаға қамалып, еркін жайылымға жібергендері үшін облыстың 320 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Бұдан бөлек, жүргізушілердің назарын аудару үшін республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда 18 патрульдік автокөлік пен 27 жануарлардың макеті қойылды. Олар автожолдардың аса қауіпті учаскелеріне орналастырылды. Жүргізушілерден қырағылық танытуға, «Малды айдап өту» және «Жабайы жануарлар» жол белгілеріне назар аударуды, орман алқаптары жолға жақын учаскелерде жылдамдықты азайтуды сұраймыз. Жануарлардың иелеріне малдарын қараусыз қалдырмауын еске саламыз. Қараусыз жүрген мал мал ұрыларының олжасы болып қана қоймай, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін естен шығармаған жөн, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.