Ақмолалық полицейлер тапаншадан практикалық ату бойынша ҚР ашық кубогының жеңімпаздары атанды
Ақмолалық полицейлер тапаншадан практикалық ату бойынша ҚР ашық кубогының жеңімпаздары атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тапаншадан практикалық ату бойынша Қазақстан кубогы 23-24 сәуір аралығында Алматы маңындағы мамандандырылған полигонда өтті. Ауқымды жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен келген спортшылар мен Қырғызстаннан келген қонақтар қатысты.
Жыл сайынғы турнирде Ақмола облысының құрамын қызметтегі полицейлер Нұрлан Қазбеков, Біржан Жақанов, Ермек Сұлтанкелдин және Әлихан Жұмажанов құрады. Полиция қызметкерлері атыс қаруын кәсіби игеру, дәлдік пен жылдамдықты жеке сынақтарда да, жалпы командалық сайыста да жоғары шеберлікпен көрсетті.
Спортшылардың басты міндеті – белгілі бір уақыт аралығында тапаншадан мүмкіндігінше нысанаға көп тигізу, сонымен қатар статикалық және қозғалмалы нысана бойымен, сондай-ақ импровизацияланған баспаналардан ату керек болды. Команданың әр қатысушысы дәлдік, максималды шоғырлану және ең бастысы қаруды мінсіз меңгеру арқылы 13 жаттығу жасады.
Екі күндік турнирдің қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері жалпы командалық есепте бірінші орын алды, сондай-ақ полиция капитандары жеке сынақтарда жүлделі орындарға ие болды.
27 сәуірде жеке құрамның қатысуымен Полиция департаментінің басшылығы мен әріптестері полицейлерді жеңісімен құттықтады. Жеңімпаздарға кубок пен медаль табысталды.