Петропавлда мас жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағында әйелді қағып кетті
Петропавлда мас жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағында әйелді қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мас жүргізуші жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
13 сәуір күні кешке Петропавлда Уәлиханов көшесіндегі жол қозғалысы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде Toyota RAV-4 автокөлігінің жүргізушісі 49 жастағы қала тұрғынын соғып кетті. Бұдан кейін жүргізуші бір бағытта кетіп бара жатқан Volkswagen автокөлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде әйел қаланың бір медициналық мекемесіне жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Екі көлікке де механикалық зақым келтірілді. Toyota тізгінінде Петропавл қаласының 54 жастағы қала тұрғыны болған. Медициналық куәландыру оның масаң күйде болғанын көрсетті. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1 бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сараптамалар тағайындалды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
– Жалпы 3 айдың ішінде облыс аумағында мас жүргізушілермен 4 жол-көлік оқиғасы жасалды. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 2-уі жарақат алған. Автокөліктен келетін қауіп жоғары, оны масаң күйде басқаруға жол берілмеуі тиіс. Полицейлер осындай фактілерді анықтау және жолын кесу бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді. Жыл басынан облыс бойынша 263 мас жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.