Ақтөбеде 2 жасар қыз екінші қабаттан құлап кетті
Ақтөбеде екі жасар қыз екінші қабаттан құлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облыстық Полиция Департаменті жазғы демалыс кезеңінің басталуына байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында кәмелетке толмаған балалардың бос уақытын және жүріп-тұратын жерлерін мұқият бақылау қажет екенін ескертеді.
Жаз мезгілі басталысымен көшелерде және аулаларда ата-анасының қадағалауынсыз қалған балалардың жоғалу жағдайлары жиіледі. Ата-аналар тарапынан бақылаудың жоқтығынан балалар жол-көлік оқиғаларының құрбаны болып, түрлі жазатайым оқиғаларға тап болады.
Мысалы, 28 сәуірде Ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің екінші қабатынан екі жасар қыз құлап кеткен. Ол кезде анасы үйде болған, бірақ баланы қараусыз қалдырған. Қыз бала түрлі дене жарақаттарымен балалар аурухасына жатқызылды.
Осыған байланысты Полиция департаменті ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балаларға жол және су айдындарында қарапайым жүріс-тұрыс ережелерін үйрету керектігін ескертеді.