Түркістан облысында жайылымнан жоғалған 23 қой иесіне қайтарылды
Түркістан облысында жайылымнан жоғалған 23 қой иесіне қайтарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның 23 бас қойы жайылымдық жерден жоғалып кеткен. Содан полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Аталған хабарлама бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына шығып, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Олар жайылымдық аумақтарды түгел қарап, бақташылармен әңгімелесу жүргізді. Бір күн ішінде атқарылған жедел әрі тиянақты жұмыстардың нәтижесінде, тәртіп сақшылары малдарды тапты.
Анықталғандай 23 бас қой жайылып жүріп, қыр асып, жайылымнан ұзап кеткен. Ұсақ малды тапқан соң сақшылар арнайы көлікке артып әкеліп, иесіне тапсырды.
– Мен Сауран ауданының тұрғыны полиция бөліміне малдарымның жоғалғандығын айтып, тауып берулерін сұраған едім. Бүгін міне, менің жоғалған малдарымды тауып берді. Ізін суытпай, жедел қызмет еткен сіздерге алғысым шексіз. Полиция қызметкерлерінің жұмысына табыс тілеймін, – деп атап өтті жоғалған малдардың иесі.