Түркістан облысында тауда адасып қалған төрт жігіт табылды
Түркістан облысында тауда адасып қалған төрт жігіт табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-ның 102 телефонына 22 мамыр сағат 21:30 шамасында өрт сөндіру қызметінен Сайрам-Өгем аумағында тұрғындардың адасып қалғаны бойынша хабарлама келіп түскен. Аталған хабарлама бойынша аудандық полицейлер тез арада әрекет етіп, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнына Төлеби аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Бексейіт Теңізбаев бастаған учаскелік полиция инспекторлары мен тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құралған жедел-тергеу тобы шықты.
Іздеу жұмысына төтенше жағдай қызметі мен Сайрам-Өгем паркінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары адасқан жігіттердің баруы мүмкін деген жерлер мен олар бағыт алған аймаққа қарай бөлініп, іздестіру жұмыстарын атқарды.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, түні бойы ой-шұқыры көп тауда іздестіріп, қызмет етті. Нәтижесінде, 5-6 сағат аралығында полицейлер, төтеншеліктер мен парк қызметкерлері бірлесіп төрт жігітті де Құлыншақты таулы шатқалынан тапты. Содан іздеу тобы таң атысымен жоғалғандарды төменге аман-есен түсіріп, құтқарып қалды.
Тексеру барысында жас жігіттер тауға демалу үшін келгендерін, алайда ауа райының қолайсыз болып, тұман түсуі салдарынан адасып кеткендерін айтты. Жігіттердің барлығы Шымкент қаласының тұрғындары.
Нақтырақ айтсақ, алты бірдей жас жігіт 21 мамыр күні таңғы сағат 06:00 шамасында тау шатқалында орналасқан Сусіңген көліне бару үшін тау асып, биікке өрлеген. Содан діттеген жерлеріне жетіп түнеп, ертесіне түскі 12:00-лер шамасында артқа қайтпақ болған. Осы сәтте алты жігіттің төртеуі бағытынан адасып, біреуі құзырлы органдарға хабарласып, жәрдем сұраған.
– Бізді іздеп, тапқан барша полиция қызметкерлері мен құтқарушыларға рақмет! Алла разы болсын, – деп алғыстарын білдірді табылған жігіттер.