Павлодар облысында осы жылы ұсақ бұзақылық жасаған 1562 тұрғын жауапқа тартылды
Павлодар облысында осы жылы ұсақ бұзақылық жасаған 1562 тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Павлодарда бір тәулікте екі ұсақ бұзақылық оқиғасы орын алды. Солардың бірі – Қайырбаев көшесіндегі банкоматта болды. Мұнда қолма-қол ақшаны алу үшін кезекте тұрған екі ер адам жанжал шығарып, ызасы келген ер адам артында тұрған адамға түкірген. Мұндай әрекетті күтпеген қала тұрғыны полицияға қоңырау шалды.
– Теріс қылық жасаған ер адам қашып құтылмақ болған, бірақ полиция уақытында келді. Олар тәртіп бұзушыны ұстады. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Романтик болып көрінгісі келген Павлодар тұрғыны қызына букетке тапсырыс берген. Бірақ флористтің жинаған гүл шоғы жігітке ұнамай, сол жерде жанжал шығарған. Жігіт букеттің оған мүлдем ұнамайтындығын алға тартып, сатушыға әдепсіз сөздер айтқан. Тек тәртіп сақшыларын көргенде, жанжал шығарушы тынышталып, ол өзінің мінез-құлқы үшін кешірім сұрады, бірақ ол әлі де Заң алдында жауап беруі керек.
Полицияның мәліметінше, Павлодар облысының 1562 тұрғыны осы жылы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.