Түркістан облысының полицейлері жолда адасып жүрген баланы анасына табыстады
Түркістан облысының полицейлері жолда адасып жүрген баланы анасына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Күнделікті қоғам тыныштығын сақтау қызметіне кіріскен Бәйдібек аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің назарына Шаян – Жамбыл тас жолының бойында жүрген үш жасар шамасындағы бала ілікті. Кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқаған полицейлер бірден оның қасына келді. Бүлдіршіннен оның ата-анасы, үйі қайда екенін сұрағанымен, бала дұрыс жауап бере алмады.
Осыдан соң тәртіп сақшылары ұл баланы полиция бөліміне жеткізіп, оның жағдайын жасап, тамақ-суын әперді. Одан ары ата-анасын табуға бағытталған қажетті жұмыстарды жүргізді. Ауыл аймақтан сұрастырып, әлеуметтік желі арқылы суретін таратты. Соның нәтижесінде, 1 тәулікке жеткізбей ата-анасын тапты. Ата-ана мен бүлдіршінді қауыштырды.
Анықталғандай, бала өзінің ауласында ойнап жүріп, үйінен екі шақырым қашықтыққа дейін алыстап кеткен. Ал анасы оны жақын маңда ойнап жүр деп бейқам жүре берген.
– Кішкентай баламды тауып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз еткендеріңіз үшін алғысым шексіз! Сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деп баланың анасы ерекше алғысын білдірді.