Шымкенттік полицейлер 11 балалы жалғызбасты анаға қайырымдылық көмек көрсетті
Шымкенттік полицейлер 11 балалы жалғызбасты анаға қайырымдылық көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясының 30 жылдығына орайластырылған «30 игі іс» акциясы аясында және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сауапты игі іс жасап, 11 балалы жалғызбасты ананың отбасына барды.
Полицейлер қиын өмірлік жағдайға тап болған жанұяның кешіп жатқан тұрмыстық күйі туралы білген соң, оларға көмек көрсетуге шешім қабылдады. Бірінші кезекте күнделікті қажеттіліктегі азық-түліктер алып берілді. Сонымен қатар, балалардың дені сау болып өсуіне керекті спорттық бұйымдар үлестірілді.
Өз кезегінде полицейлердің елеп-ескеріп келгеніне риза болған ана рақметін айтып, шынайы ризашылығын жеткізді.
– Қазақ – ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Осы себептен, балаларымыз ешқандай қиындықсыз, зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылданып, дені сау азаматтар болып өссе деген ниетпен, өзгелерге үлгі болу үшін осы қайырымдылық іс-шарасын өткізуді көздедік. Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі, өзіңдегі бар жақсылықты, бақытты өзгемен шынайы көңілмен бөлісу. Көмекке мұқтаж отбасыларға көмектесу де біздің мақсатымызға кіреді. Біз әрқашан өмірде әр түрлі жағдайға тап болған отбасылардың балаларына қолымыздан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Алдағы уақытта бұдан әрі де осындай дәстүрге айналған игі істеріміз жалғасын табатын болады, – деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Б.Карбеков.