Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Суға батқан қос баланы құтқарған полицей

30 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының Погодаево ауылында орын алған оқиға Қазнетте кеңінен тараған болатын. Облыстық полиция департаментіне қарасты кинология орталығының инспекторы Ержан Қуанышев суға батқан қос баланы құтқарып қалды. Полиция кіші сержантының батыл әрекеті туралы Polisia.kz сайтының тілшісі баяндайды.

Күн сайын жаңалықтардан оқыс жайттар жайында естіп, көріп, оқып жатамыз. Жантүршігерлік жол апаттары, ит қапқан адамдар, терезе мен көпірден секірмек болғандар, тағысын тағы. Келеңсіз оқиғаға тап болып, өмірмен арпалысқандарға батылдық танытып, қол ұшын созатындар көп емес. Дәлірек айтсақ, мұндай қадамға бару кез келген адамның қолынан келмесі анық.

Ержан Қуанышев сол күні демалысын пайдаланып, ата-анасына қонаққа келген. Ауыл балаларының өмірін сақтап қалған жігітке құтқарылған бүлдіршіндердің бірінің атасы алғыс білдірді.

«Менің немерем балалармен ойнап жүріп, жақын маңдағы су қоймасына құлап кеткен. Бұлардың суға барғанын біз білмедік. 5-6 бала болып жай ойнап жүрген болатын. Ауылға демалысқа келген қызметтегі жігіт құтқарып қалған. Ол жігітті танымаймын. Бірақ кейіннен есімі Ержан деп естідік», – деді ақсақал.

Тоғанға барған жас полицей ойынға кірісіп кеткен топ баланы байқаған. Оларға суға жақындамау керектігін де айтқан. Бірнеше минут көлігінің жанында болып, артынан қайта тоғанға барғанда екі баланының батып жатқанын көрген.

«Бір бала суда ессіз қалқып жүрді. Ал екіншісі тұншығып, батып жатыр екен. Телефонымды тастадым да, ойланбастан, суға секірдім. Біріншісін жағаға шығарып жібердім де, екіншісіне жүзіп бардым. Басын судан шығарып ұстауға тырыстым. Жерге шыққан соң, жүрегіне массаж жасап, жасанды дем бердім. Сәл уақыттан соң бала өзі дем ала бастады», – деді Ержан Қуанышев.

Балаларды ол кейін ата-аналарына тапсырған.

«Менің ойымша, кез келген адам қарап тұрмай, балаларды құтқарушы еді. Мен өз әрекетімді ерлік деп санамаймын», – деді тәртіп сақшысы.

Ал балалардың сөзінше, олар су маңына балық аулауға барған. Бірақ өздері суға жүзу үшін түспеген, тек байқаусызда аяқтары тайып, құлап кеткен. «Құтқарыңдар» деп те айта алмаған. Ержанның оқиға орнынан қажет кезінде табылғаны қуантады…

Қайғылы жайттың алдын алған инспекторға ауыл тұрғындары дән риза.

«Көпшіліктің алдында ата-анасына, Самат пен Маржанға, шексіз алғысымды айтамын. Көп-көп рақмет! Дендері сау болсын, отбасыларында аманшылық болсын! Елімізде тек қуаныш болсын! Ержан, қызметіңде өрлей бер! Қаһарман ұлды тәрбиелегендерің үшін басымды иемін», – деп ағынан жарылды ауыл тұрғыны.

 

«Сол жерде Ержан жақсы әрекет етіп, өзінің кәсіби шеберлігін көрсете білді. Ержан інімізге алдағы уақытта сәттілік тілейміз. Иығына жұлдыздар қосыла берсін. Осындай азаматтарымыз елімізде көп болсын дегім келеді», – деді Краснов ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев.

22 жастағы Ержан Қуанышев 2021 жылдың мамыр айынан бастап ішкі істер органдарында қызмет етеді.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері азаматтарды сақ болуға, келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады! 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру