Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте мас келуші ойынхананы тонап кетті

Шымкентте мас келуші ойынхананы тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

32 жастағы лудоман кешкі уақытта мас күйінде ойынханаға келіп, түрлі ойын автоматтарында ойнай бастаған. Келесі күні таңертең ер адам қолындағы барлық ақшаны ұтылып қалғанын түсінеді.

Содан азамат кассада тұрған қызды әңгімеге тарта бастайды. Бір уақытта оны итеріп жіберіп, кассадан 2 млн теңгеден астам ақшаны алып, белгісіз бағытқа бой тасалайды.

Мекеменің қызметкерлері Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына арызданады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) тіркелген. Тәртіп сақшылары тонауға қатысы бар адамды анықтау мақсатында сол күні ойынханада болғандардан жауап алып, мекемеге орнатылған бейнебақылау камераларын жіті қарады. Нәтижесінде осындай мазмұнды қылмыспен бірнеше рет сотты болған ер адам анықталды. Қалада орналасқан Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің жүру бағыты белгілі болып, полицейлер оны қала аумағынан ұстады. Тоналған ақша заңды иелеріне қайтарылды.

Қылмыстық әрекетке барғаны үшін азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру