Шымкент полицейлері кәсіби мерекесін атап өтті
Шымкент полицейлері кәсіби мерекесін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаменті алдында шаһар полицейлері Қазақстан полициясының 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, Ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері және қызмет бабында қаза болған тәртіп сақшыларының туыстары мен Полиция департаментінің жеке құрамы қатысты.
Полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің ізгі тілегімен ашылған жиын жас полицейлердің ант қабылдау рәсіміне жалғасты. Тарихта өшпес із қалдырған кемеңгер генералдардың жолын берсін деген ниетпен ант қабылдау рәсімін арнайы Ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері өткізді. Құқық қорғау саласына жаңадан қадам басқан тәртіп сақшылары; милиция генерал-майоры Сұлтанов Жеңісбай Әбдікерімұлы мен Оспанов Асқар Шуашұлының алдында Отанға адал қызмет етуге ант берді. Өз кезегінде Полиция департаментінің бастығы жас полицейлердің болашағына сенім білдіре отырып, жолдарының ашық, абыройларының асқақ болуын тіледі.
Мәртебелі мереке қарсаңында Қазақстан полициясына ерен еңбегі сіңген, қоғам тыныштығы жолында қылмысқа қарсы күресіп, қызметте қаза болған полицейлердің рухына тағзым етілді.
Атап айтқанда қала әкімі, Полиция департаментінің бастығы мен Ішкі істер органдарының ардагерлері және боздақтардың туыстары департамент алдында орналасқан ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады. Осы тұста, генерал Қайрат Сұлтанбайұлы ержүрек полицейлердің жақындарына алғыс білдіріп, ер есімі ешқашан ұмытылмайтынын еске салды.
Сондай-ақ, тәуелсіз елдің тәртіп сақшылары Полиция департаменті алдында сақадай сап түзеп, салтанатты шерумен жүріп өтті. Халықтар Ассамблеясы залында жалғасқан мерекелік шарада қиындығы мен қызығы қатар жүретін полиция қызметі туралы арнайы әзірленген деректі фильм мен Ішкі істер министрінің құттықтауы назарға ұсынылды. Шырайлы шаһарды гүлдендіру жолында полицейлермен жұмыла еңбек етіп келе жатқан қала әкімі Мұрат Әйтенов пен маслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов тәртіп сақшыларын кәсіби мерекесімен құттықтап, марапаттау рәсімі өтті.
Өз кезегінде қаланың бас полицейі Қ.Дәлбеков тарихта өшпес із қалдырған Ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, қызмет барысында қаза болған полицейлердің жақындарына сый-сыяпат табыстады. Бұдан бөлек, қадірлі қонақтардың ішінде департамент қамқорлығындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері бар екенін атап, талантты бүлдіршіндерге ұлттық аспап домбыраны сыйға тартты.
– Бізді қолдаушы халық тұрғанда, қорғаушы полиция қашан да қасқайып қызмет етеді. Болашақта Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы жұдырықтай жұмылып, алға қойған мақсат пен міндеттерді абыроймен атқаратынына сенемін!, – деп түйіндеді генерал.
Мереке отандық эстрада әртістерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Шымкент қаласының полиция қызметкерлерін Өзбекстан мен Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі «Ялла» вокалды-аспаптық ансамблінің жетекшісі Фаррух Закиров құттықтап, өзінің танымал әндерін орындады.
Концерттік бағдарлама ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы Оқу орталығы тындаушылары полиция әнұранын орындауымен аяқталды.