Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік бас полицей жол белгілерін тексерді

Шымкенттік бас полицей жол белгілерін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкентте жыл басынан бері 217 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 291 адам зардап шегіп, 30 азамат қайтыс болды. Бұған көбінесе жол қозғалысы кезіндегі қолайсыздықтар себеп болады. Мәселен, тиісті орындарға қойылмаған немесе арақашықтығы өте жиі орналасқан жол белгілері қарбалас уақытта кептеліс туындатады.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіретін бірқатар аумақтарды аралады. Оның ішінде ретсіз қойылған жол белгілері мен үнемі кептеліс орын алатын көшелерге бақылау жүргізді.

Өз кезегінде қоғамдық кеңес мүшелері мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысымен қоғамдық көлікте шаһар аумағын аралап, қала жолдарына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Оның ішінде көшелерде орнатылған жол белгілері мен қоғамдық көліктерге арналған аялдамалардың орнын ауыстыру мәселелері басты назарға алынды. Сондай-ақ “Самал” және “Акбар” базарларының маңындағы кептелістің себебін анықтап, салдарымен күресу қажеттілігі талқыланды.

Аталған мәселелерді негізге ала отырып, нақты шаралар қабылдау үшін Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына нұсқамалар жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру