Қостанай облысында Президенттік көпсайыстан чемпионат өтті
Қостанай облысында Президенттік көпсайыстан чемпионат өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық іс-шара Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері үздік атағы үшін күресті.
Қостанайда екі күнге созылған жарыста мықты спортшылар анықталды. Олар әскери қарудан ату, жүзу, граната лақтыру және әр түрлі қашықтыққа жүгіру бойынша жарысты. Республикалық чемпионат Қостанай облысында «Динамо» облыстық кеңесімен бірлесіп өткізіледі.
Ашылу салтанатында облыстық ПД бастығы Ерлан Омарбеков облыста тамаша спортшылар мен жаттықтырушылар легін қалыптастырғанын атап өтті. Қазір жас ауысым өсіп, үздік Динамо спортшыларының даңқты дәстүрлерін жалғастыруда.
– Қостанайлық полицейлер де халықаралық аренада абыроймен өнер көрсетуде. Өздеріңіз білетіндей, ішкі істер министрлігі қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығына көп көңіл бөледі. Осы іс-шараның ұйымдастырушыларына – Қостанай облысының «Динамо» ДСҚ төрағасының бірінші орынбасары Виктор Чернявскийге және төрешілер корпусына алғысымды білдіремін, – деді Ерлан Омарбеков.
Ұйымдастырушылар бұл жарыстар еліміздің спорттық өмірінде елеулі оқиға болатынына сенімді. Бұл күні жарысқа қатысушылар ҰОС жылдары және қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Осы өңірде алғаш рет барлығы жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтқым келеді, күрес табанды жүріп жатыр. Ұйымдастырушыларға қонақжайлылығы мен жарысты лайықты ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын, – деді Қызылорда облысы ПД қызметкері Дәулет Сейітов.
ПМ жауынгерлік қарудан ату жарыстарына қатысушылар өздерінің барлық кәсіби шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде, Қостанай облысы ПД қызметкері Марат Мамаев үздік атқыш болып танылды.
100 жүзуші екі қашықтыққа: 50 және 100 метрге жүзуге қатысты. 50 метрге жүзуде Түркістан облысы ПД қызметкері Серік Рамазанов жеңімпаз атанды. Ең қиын 100 метр қашықтықта Қарағанды облысының ПД қатысушысы Нұрсұлтан Бадеев бірінші болып жүзіп өтті.
Чемпионаттың бірінші күні граната лақтырудан жарыспен аяқталды. Бұл спорт түрінен Солтүстік Қазақстан облысы ПД қызметкері Дмитрий Шварц жеңіске жетті.
60, 100, 1000 және 3000 метр қашықтықтарда үздік жүгірушілер болып Көліктегі департаментінен Бақтыбек Абдуллаев, Нұр-Сұлтан ПД-нен Олжас Жанатаев, Түркістан облысы ПД-нен Серік Рамазанов және Ұлттық гвардиядан Серік Суқанов атанды.
«Динамо» ДСҚ төрағасының орынбасары Виктор Чернявский атап өткендей, қатысушылар өздерін мықты және шыдамды қызметкерлер ретінде көрсетіп қана қоймай, әрқайсысы өзінің нағыз спортшы екенін дәлелдеді. Ең мықтылар жеңді.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша Полиция департаменттері арасында Президенттік көпсайыстан Нұр-Сұлтан қаласы ПД командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Қарағанды облысы ПД қызметкерлері, үшінші орынды Маңғыстау облысы ПД иеленді.
Құқық қорғау органдары арасында жинаған ұпайлардың нәтижесі бойынша командалық есепте ҚР ІІМ командасы президенттік көпсайыстан чемпион атанды. ҚР Ұлттық ұланы күміс, ал ҚР ҰҚК ШҚ қола жүлдегер деп танылды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.