Ер адам Теміртау тұрғынының банк картасын ұрлап кетіп, ақшасын шешіп алған
Ер адам Теміртау тұрғынының банк картасын ұрлап кетіп, ақшасын шешіп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 маусымда Қарағанды облысы Теміртау қаласының ПБ Оңтүстік полиция бөліміне қаланың 64 жастағы тұрғыны жүгінді. Ол белгісіз біреу жеңіл автокөлігінің күннен қорғайтын маңдайшасынан банк картасын ұрлап кетіп, ондағы ақшасын шешіп алғанын хабарлады. Шығын сомасы 47 мың теңгені құрады.
Жәбірленуші оның картасын қай жерде және қай уақытта белгісіз адам қолды қылғаны туралы ештеңе айта алмайды. Өзі жеке жүк тасымалдаумен айналысады екен, осы жағдайды клиенттерінің бірі жасағаны әбден мүмкін екеніне күмәні жоқ.
1 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалды полиция қызметкерлері күдіктіні 26 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады. Заттай дәлелдемелер – банк картасы алынды.
4 шілдеде Қарағанды қаласының ПБ Михайлов полиция бөліміне қаланың 33 жастағы тұрғынынан өтініш келіп түсті. Ол пластик картасын жоғалтып алғанын, оны біреу тауып, 8 мың теңге ақшасын шешіп алғанын айтты.
Полицейлер пластик картаны жеңіл автокөліктің бір жүргізушісі пайдаланып, екі ЖҚС-да жанармай құю үшін төлегенін анықтады. Криминалды полиция қызметкерлері аталған көлік құралын анықтап, оның иесі 30 жастағы ер адамды ұстады. Ол мойындау көрсетпесін берді.
Екі факті бойынша да ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.