Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан шетелдік ұсталды
Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан шетелдік ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz
Атырауда Нигерия Федеративтік Республикасының азаматы синтетикалық есірткі заттарын сақтау және тасымалдаумен айналысқан. Аталған 24 жастағы ер адамды Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесе жүргізген “Қарасора - 2022” жедел алдын алу іс-шарасы кезінде анықтап, ұстаған.
Сhevrolet автокөлігін тінту кезінде әрқайсысы салмағы шамамен 1 грамм болатын таспаға оралған 5 полиэтилен қап тәркіленді. Сараптама нәтижелері бойынша тәркіленген зат жалпы салмағы 5 грамм мефедрон синтетикалық есірткісі екендігі анықталды.
Қазіргі уақытта күдікті Атырау қаласында уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.