Алматыда автобус жүргізушілерінің кінәсінен 170 ЖКО орын алды
Алматыда жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің кінәсінен 170 ЖКО орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz
«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік кәсіпорындарына, қаланың жол жағдайында автобустардың техникалық жағдайына, дұрыс жұмыс істеуіне мұқият тексеру ұйымдастырылды.
– Осылайша біз көлік құралында жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын жүргізушілердің көліктік және еңбек тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану деректерінің алдын алу, сондай-ақ заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу мақсатын көздеп отырмыз. Бұл жұмысқа мүдделі мемлекеттік органдардың да, азаматтық альянстың өкілдері де барынша жұмылдырылған, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.
Полицейлер қабылданған шараларға қарамастан, қоғамдық көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жол-көлік оқиғаларына жол беріп жатқанын атап өтті. Тек жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің кінәсінен 170 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 55 адам жарақат алған. Сонымен қатар, қоғамдық көлікте жолаушылардың құлауы өте жиі кездеседі, ол негізінен шұғыл тежеу немесе керісінше, күрт қозғалу салдарынан орын алады. 2021 жылы автобустың ішінде құлағаннан 328 жолаушы зардап шекті.
Сондай-ақ, 2022 жылдың басынан бері ПД-ның алдынғы шептегі бөлімшелерінің қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілерінің 286 жол ережесін бұзу дерегін анықтады.
– Алматы қаласында 21 автокәсіпорын жұмыс істейді, олардың балансында 147 бағыт бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын 2200-ден астам автобус пен 160 троллейбус бар. Қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларының жағдайы әлі де алаңдатады. Кейбір автобус жүргізушілерінің көлік тәртібі өте төмен деңгейде қалып отыр. Автопарктердің басшылығы жүргізушілерге бақылау жүргізбейді, жүргізуші куәлігінің бар-жоғын, сондай-ақ желіге шығар алдында техникалық жағдайын тексермейді. Олар экологиялық және техникалық талаптарға сай келмейтін автобустарды желіге шығаруды жалғастыруда, – дейді Б. Баятанов.
Қазіргі уақытта Алматы жолдарында патрульдік полиция жасақтарының тығыздығы артты. Профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жалғасуда.