Павлодар облысында елде болу мерзімі өтіп кеткен шетелдіктер анықталды
Павлодар облысында елде болу мерзімі өтіп кеткен шетелдіктер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс ауданының полицейлері Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған Тәжікстан Республикасының азаматын анықтады.
Ер адам Нұр-Сұлтан қаласының көші-қон қызметінде 2021 жылғы 18 маусымға дейінгі мерзімге тіркелгені анықталды, алайда 41 жастағы шетелдік азамат іс жүзінде 2022 жылғы 27 маусымға дейін еңбек қызметін жүзеге асырған. Сол арқылы Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасуға рұқсат алмай, құқық бұзушылық жасаған.
Ертіс аудандық сотымен Тәжікстан Республикасының азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 7-бөлігі бойынша (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, кінәлі деп танылды.
– Басқа жағдайда Қырғызстан Республикасының азаматы анықталды. Ол Қазақстанға келіп, 2021 жылғы 21 сәуірге дейін тіркелді, алайда көрсетілген мерзімде елден шықпады. Шетелдік азамат он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарып, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасады. Ертіс аудандық сотының қаулысымен тәртіп бұзушыға 53 603 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы Ертіс ауданы ПБ көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Бақыт Ермекпаева.