Ақмола облысында қос азаматтығы бар 38 адам жауапкершілікке тартылды
Ақмола облысында қос азаматтығы бар 38 адам жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасы республикамыздың Конституциясына сәйкес Қазақстан азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайтынын еске салады.
Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері облыстық департаменттің көші-қон қызметі басқармасы ҚР азаматтығынан айырылудың 1902 фактісін тіркеді.
Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және сол уақытта шет мемлекеттің азаматтығын алған адам оны алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде бұл туралы Қазақстанның көші-қон қызметі органдарына хабарлауға міндетті.
Мәселен, жылдың басынан бері Ақмола облысында қос азаматтығы үшін 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетелдік азаматтықты алу фактісін хабарламау ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігінде көзделген екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа не Қазақстаннан тыс жерлерге әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғатынын еске саламыз. Қазақстан азаматтығын жоғалтқан адамның Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануы-жеке тұлғаларға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деді полицияда.